Қазан айының он төртінен басталған Жемқорлыққа қарсы шеберхана еліміздің бес аймағында өтті. Жоспар бойынша жеті аймақта өтуі керек Шеберхана жұмысы жалғасып жатыр. Бұған дейін Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында өткен шара 28 қазанда Петропавл қаласында жалғасып, 30 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында қорытындыланады. Шеберхананың мақсатты аудиториясы — аймақтардағы белсенді азаматтар, студент жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, арнайы мониторинг тобы мүшелері және мемлекеттік қызметкерлер, ЖОО ұстаздары.

Бүгінге дейін жалпы саны 138 адам қатысып, тәжірибесін шыңдады. Іс-шара толықтай практикалық тапсырмаларға негізделген. Ұйымдастырушылар сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтық қоғам белсенділері қолдана алатын құралдарды іс жүзінде түсіндіріп, бірге жұмыс істеу тәсілімен алған білімдерін бекітуге басымдық береді. Қазіргі статистикаға сай, жемқорлық қылмыстарының ¼ мемлекеттік сатып алу саласында жасалады екен.

Біздің тренерлер мемлекеттік сатып алу саласына қоғамдық мониторинг бойынша нақты мысалдар келтіріп, соның негізінде қатысушыларға бұл саладағы сыбайлас жемқорлықпен күресте қалай тиімді, нәтижелі әрекет етуге болатынын тәжірибе жүзінде көрсетті. Қатысушылар тренерлердің көмегімен мемлекеттік сатып алу порталына кіріп, түрлі сатып алу шараларына талдау жасап, ол жердегі жемқорлық тәуекелдерін анықтауды, сатып алу шараларының негізділігі, заңдылығына, жемқорлық тәуекелдерін бағалауды меңгереді.

Одан бөлек Ашық үкімет порталының Ашық диалог, Ашық НҚА компоненттерін жемқорлықпен күрес бағытында қолдану бойынша да тәжірибе сабақтарын өтті. Тренерлердің көмегімен ресми органдарға сұраныстар жолдау, интернет-конференцияларға қатысу, интернет-конференция өткізу бойынша өздері бастама көтеру тәсілдерін меңгерді. Ашық НҚА компоненті бойынша қазір талқыланып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнама актілеріне пікір қалдыру, оларды жетілдіруге үлес қосу жолдарын да үйренді. Жемқорлықпен күрес бағытында тиімді құралдардың бірі – www.publicbudget.kz ашық бюджеттер интерактив картасы.

Бұл жерде әр азамат мемлекеттік мекемелердің бюджетімен танысып, жемқорлық фактілерін немесе тәуекелдерін байқаса, сол жерде пікір қалдыра алады және ол бойынша арнайы органдарға хабарлай алады. Жемқорлық бойынша пікір, өтініш қалдыру қызметі жеке көрсетілген. Сол жерде қалдырылған өтініштер сол мекемемен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де түседі. Соған қарай тиісті шаралар қабылданады. Бұл ресурс барлық азаматқа ашық, әр азамат қолданып, үлес қоса алады. Шеберхана аясында қатысушыларға бұл мүмкіндіктер де түсіндіріліп, тәжірибе тапсырмалары орындалды. Мемлекеттік мекемелердің бюджеттері бойынша өтініш қалдыруды іс жүзінде тексеріп, қолданып көрді. Сонымен бірге аталған интерактив картаның кемшіліктері, жетілдіру керек тұстары бірге талқыланды.

Әр қаладағы іс-шарадан соң, шеберхана жұмысын жетілдіру мақсатында қатысушылармен кері байланыс жолға қойылған. Барлық қатысушылар тәжірибеге негізделген мұндай шаралар керек екенін айтып, ұйымдастырушылар мен тренерлерге алғыстарын білдіріп жатыр.

Бұл жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылып отыр.