Қазанның 31-інде Астанада Park Inn қонақүйінде PaperLab пікір сайыс алаңында «Бюджетке әркімнің-ақ бар таласы. Ел қаржысын тиімді пайдаланудың жолдары қандай?» тақырыбында талқылау ұйымдастырды. Пікірталас тек қазақ тілінде өтті. Бұған дейін Paper lab алаңы не орыс тілінде, не екі тілде ұйымдастырылатын. Бұл жолы талқыға түскен тақырып – бюджет. Қарапайым халық бюджеттің оның төлеген салығының негізінде жасақталатынынан бейхабар. Яғни, халық өз қаржысын өзі қадағалауға құқылы.
Биыл наурыз айынан бастап, Сорос Қазақстан қорының қолдауымен, «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Openbudgetfelowship бағдарламасы ашылды. Бағдарлама наурыз – қыркүйек аралығын қамтыды. Курс қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Бағдарламаға қатысушылар бюджеттің кіріс, шығыс бөлімдерін және бюджетке қатысты басқа да мәселелерді үйрене жүріп, өз зерттеулерін де жасады.
31 қазанда өткен Paper lab алаңында бағдарлама түлектері бюджетке қатысты жасаған зерттеу нәтижелерін көпшілікке паш етті. Қатысушылар: Мирамбек Қамалов – «ҚР Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу аясында Ақтөбе облысы бойынша профилактикалық шараларға бөлінетін қаржының тиімділігі», Мақсұт Насибулов – «Астана қаласы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасының ашықтығы мен ақпаратқа қол жетімділігі», Есенгүл Кәпқызы – «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқытуға бөлінген қаржының тиімділігі (Алматы қаласындағы «Тілдерді дамыту басқармасы» бойынша)тақырыптарында баяндама жасады. Пікір сайыстың қызу болуы – бұл тақырыптардың аса өзекті екендігін танытады. Қазақ тілінде де бюджетке қатысты сапалы талдаулардың пайда бола бастауы қуантады. Өйткені, жемқорлыққа қатысты жылына бір мыңға жуық қылмыстың беті ашылады екен. Соның үштен екісі бюджеттің қаржысын жымқыруға қатысты болады екен.